Біз - "Baigroupkz" командасы 2019 жылдың 6-10 наурыз аралығында ITB Berlin халықаралық туристік көрмесіне қатыстық. Біз осы қызықты оқиғамен бөлісуді жөн көрдік!
Әлемдегі ең ірі туристік жәрмеңкелердің бірі - ITB 6-10 наурыз аралығында Германия астанасында 53-інші рет өтті. 2018 жылы әлемнің 180-нен астам елінен келген 10.000-нан астам экспоненттер туристік қызметтер мен өз өңірлерінің өнімдерін ұсынды. Мерейтойлық көрмеге 160.000-ға жуық келуші қатысты. Олардың 110.000-ы туризм саласының сарапшылары мен кәсіпқойлары. ITB Business Travel & MICE Days аясында жетекші сарапшылар бизнес-сапарлар мен сауда көрмелерін ұйымдастыру барысында шығындарды азайту және тәуекелдерді есептеу бойынша өз кеңестерімен бөлісті.
Біз жыл сайын еліміздің жетекші әрі ірі тур-операторлары көрсетілген ұлттық стендпен көрмеге қатысамыз.
ITB көрмесі аясында 2004 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан әлемдегі ең үлкен туристік конгресс өтті. Нарық сарапшылары, саясаткерлер, экономистер және экологтар қатысатын Конгресс саланың маңызды мәселелерін талқылауға, тәжірибе алмасуға және жаңа іскери серіктестер табуға арналған тиімді платформа. 400-ден астам референт қатысқан Конгрестің негізгі тақырыптары жасанды интеллект, зілзала мен табиғи апаттар жағдайында әлеуметтік медианы пайдалану, климаттың жаһандық өзгеруі және қонақ үй бизнесіндегі қытайлық инвесторлардың жоспарлары болды.